Ташкентте 3-ші Халықаралық «Altyn Qanat» бейнелеу өнері фестивалі өтті.

Ташкентте 3-ші Халықаралық «Алтын Қанат» бейнелеу өнері фестивалі өтті.
2026 жылдың 27 сәуірінен 7 мамырына дейін Ташкент мемлекеттік аграрлық университетінің бастамасымен дәстүрлі 3-ші Халықаралық «Алтын Қанат» бейнелеу өнері фестивалі өтті. Бұл халықаралық шығармашылық іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен келген суретшілер қатысып, өздерінің түпнұсқа жұмыстарын ұсынды.
Фестиваль іс-шаралары Өзбекстанның тарихи қалаларында — Самарқандта, Бұхара мен Ташкентте өтті. Фестивальдің негізгі тақырыбы ауыл шаруашылығының көркемдік көрінісі және бейнелеу өнері арқылы ауыл шаруашылығы саласын танымал ету болды. А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің сәулет және дизайн кафедрасының доценті, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Асан Сүйірқұлұлы Байназаров фестивальге қатысып, өз туындыларын ұсынды. Оның жұмыстары фестиваль қонақтары мен қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, фестиваль барысында Ташкент мемлекеттік аграрлық университеті мен А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті арасында академиялық ұтқырлықты дамытуға, халықаралық байланыстарды нығайтуға және студенттер мен магистранттар арасында тәжірибе алмасуға бағытталған меморандум мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Тараптар ұзақ мерзімді бірлескен білім беру, ғылыми және шығармашылық жобаларды одан әрі жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
