Еуропаның жетекші университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды


Академик А.Куатбекова атындағы Халықтар достығы университеті мен Быдгощ қаласындағы Жоғары экономика мектебі арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Ол Польшадағы ең ірі оқу орындарының бірі саналады. Меморандумның басты мақсаты — ғылым мен білім саласында бірлескен жобаларды іске асыру. Еуропалық серіктес университет төртінші буын оқу орны ретінде университет–ғылым және өндіріс–коммерцияландыру бағдарламаларын табысты жүзеге асырады. Жаңа 2024-2025 оқу жылы басталғалы ХДУ Еуропаның 2 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы келісім жасасты. 25 жылдық мерейтойына байланысты Халықтар достығы университеті Оңтүстік-Шығыс Еуропаның жетекші оқу орны — Черноризец Храбр атындағы Варна еркін университетімен (Болгария) меморандумға қол қойды.

Келісімнің ортақ мақсаты — білім беру, ғылыми зерттеулер және профессор-оқытушылар құрамының, докторанттар, магистранттар мен студенттердің академиялық ұтқырлығы саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Серіктес жоғары оқу орындары магистратура мен докторантура бағдарламаларын әзірлеуде ынтымақтасып, бірлескен ғылыми жобаларға қатысады және ортақ жарияланымдар дайындайды. Меморандум оқытушылар, жас ғалымдар, магистранттар мен докторанттар үшін академиялық ұтқырлық бағдарламасын да көздейді. Бүгінде академик А.Куатбекова атындағы Халықтар достығы университеті елдің ТОП-20 жоғары оқу орны қатарына кіріп, өңірде және одан тыс жерлерде сұранысқа ие, табысты оқу орындарының бірі атанды. Меморандум қол қойылған сәттен күшіне еніп, 5 (бес) жыл бойы қолданылады.
