КОНСТИТУЦИЯ: БҮГІНГІ ТАЛҚЫЛАУ — ЕРТЕҢГІ ДАМУ

Бүгін академик А. Куатбекова атындағы Халықтар достығы университетінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған кездесу өтті.
Іс-шараның модераторы университет ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Әбдімусақызы Куатбекова болды.
Кездесуге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек, университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, студент жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты — елдің басты заңы саналатын жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер мен толықтырулардың мәнін кеңінен түсіндіру, құқықтық реформалардың қоғам дамуына ықпалын талқылау және жастардың азаматтық белсенділігін арттыру.
Іс-шара барысында пікірталасқа қатысып, өз ойларын ортаға салғандар:
Еркінбек Тиянақбайұлы Жалбуров — заң ғылымдарының докторы, профессор;
Кынатбек Бердалиевич Кемелбеков — филология ғылымдарының кандидаты, доцент;
Пирали Сейдалыұлы Жармуханбетов — құжаттамалық және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы, заңгер.
Баяндамашылар құқықтық мемлекет құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолындағы конституциялық реформалардың маңызын егжей-тегжейлі түсіндіріп, жаңа Конституция жобасын қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қорытынды сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасы елдің демократиялық дамуына және әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталғанын айтып, қатысушыларды Негізгі заңды қолдауға шақырды.
Бұл кездесу қоғам мен жастардың құқықтық сауатын арттыруға, заңға құрмет қалыптастыруға және мемлекеттік маңызы бар құжатты жан-жақты талқылауға арналған маңызды алаң болды.




















