Университетте студенттердің цифрлық сауаттылығын арттыру семинары өтті

Академик А. Куатбекова атындағы Халықтар достығы университетінде студенттердің цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған семинар өтті. Іс-шараны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласындағы филиалының қызметкерлері ұйымдастырды.
Семинардың негізгі мақсаты — мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде алу мүмкіндіктерін түсіндіру және eGov.kz порталымен, мобильді қосымшалармен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын қалыптастыру.
Мамандар электрондық үкімет порталының негізгі функциялары, оны тиімді пайдалану жолдары және анықтама рәсімдеуден өтініш беруге дейінгі әртүрлі мемлекеттік қызметтерді онлайн алу тәртібі туралы толық ақпарат берді.
Практикалық бөлімде студенттер eGov.kz порталында өз бетінше жұмыс істеп, қызмет алуды байқап көрді және алған білімін тәжірибеде бекітті.
Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан білікті жауаптар алды. Мұндай кездесулер жастардың цифрлық дағдыларын дамытып, күнделікті өмірде заманауи технологияларды пайдалануға қызығушылығын арттырады.
Семинар студенттер арасында цифрлық мәдениет қалыптастыруға және мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы онлайн форматта алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.






